МҰҒАЛІМ ОЙЛАРЫ

Құрметті оқырман!

Білім саласында болатын мәселелердің салдары тұтас қоғамға әсер етеді. Білімді таратушы мұғалімдеріміз – абзал ұстаздарымыздың мәртебесі өз дәрежесіне сай көтерілуі түбегейлі шешіле қойған жоқ. Оған басты себеп – мұғалім атқаратын жұмыстың мөлшері мен нақты адамның физикалық мүмкіншілігін анық есептеп, заңдастыратын элементарлы қағидалардың орындалмауында  жатыр. Осыған байланысты Сізге ұсынылған «Мұғалім ойлары» мақаласымен танысып, өз пікірлеріңізді білдіруіңізді сұраймын. Сіздің пікіріңіз біз үшін аса маңызды. Алдын-ала рахмет!


Мұғалім ойлары

Сафуллин Елдос Набиоллаұлы
Оқу-әдістемелік ісі жөніндегі 
директордың орынбасары

ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының ортасына келдік. Біздің еліміздегі білім беру жүйесі қандай күйде? Бұл сұраққа «жақсы деңгейде» деп жауап беруге болады. Мемлекетіміз халқының білім алуына барынша жақсы жағдай жасауда. Қазіргі халқымыздың күнкөрісі негізінен мемлекет беретін ақшаға қатты тәуелді. 1-2 ай тиісті еңбекақысын, зейнетақысын ала алмаса, қарапайым халықтың тіршілігі қандай күйге түседі? Ойлаудың өзі қорқынышты. Ал, мемлекетіміз ақшаны қайдан алады? Негізінен мұнай, газ тәрізді шикізаттарымызды шетелге сату арқылы. Шикізат қорымыз таусылған кезеңде халқымыз сауатты, білімді, тәрбиелі болса, тіршілік етудің, мемлекеттілігімізді сақтаудың бір амалын табар деген үміт бар. Сондықтан болар, қазіргі күнде мемлекетіміз білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөлуде.

Осындай сәтті кезеңді пайдаланып білім беру жүйеміздің жақсару қарқынын арттыруға болады ма? Әрине болады. Ол үшін білім беру жүйесінің ең төменгі сатыларынан бастап, ауыл тіршілігі мен қала тіршілігін қатар салыстыра алатындай, әсіресе, оқушыға сабақ берудің мол өтілін өзінің жеке бас тәжірибесінен өткерген білімді, ойлы, патриот педагогтердің пікірлерін көптеп жинап, олардың ұсыныстарын ескере отырып икемді өзгерістерді енгізуге болады. Еліміздегі білім берудің 7 деңгейінің алғашқы төртеуін өз қабырғасында сусындататын мекеме – мектеп болып табылады. Сондықтан да мектептегі оқу-тәрбие сапасы жақсартылса, қалған деңгейдегі білім беру сатылары автоматты түрде ілгері басатыны анық. Олай болса, кез-келген қарапайым мұғалім басынан өткеретіндей төмендегідей жағдайларды баяндалық.

Сабақ жоспары.

Мұғалім өз пәні бойынша аптасына 18 сағаттық жүктемемен сабақ жүргізеді делік. Оған әр сағаты үшін сабақ жоспарын жазуға тура келеді. Тәжірибелі мұғалімнің өзі 1 сабақ жоспарын дайындауға 1 сағат уақытын жұмсайды. Демек, 18 сабақты өткізеді және оны өткізу үшін кемі 18 сағат дайындалады екен, нәтижесінде 18+18=36 сағаты осылай өтеді. Сабағынан тыс тағы қанша тапсырмалар орындайтыны, оларды орындауға қанша уақыты жұмсалатынын бөлек есептеуге болады. Енді мәселеге келесі қырынан келелік, сабақ жоспарының жазылуы формальді түрде түрлі деңгейдегі тексерушілер үшін мұғалімнің сабағына дайындығын тексеретін атрибутқа айналған. Мұғалім өз пәнін оқушы күнінде өзгелермен салыстырғанда жақсы оқыған, университетте 4-5 жыл білім алып, теориялық және әдістемелік бағытта қалыптасқан білімін байытқан тұлға. Өмірін осы пәнді игеруге арнаған адамнан тағы қандай дайындықты талап етеміз? Қолында пәніне және сыныбына тиісті оқулығы бар болса, сабағының мазмұнын білетін болса, неліктен әр қадамын жоспарлап жазуға тиіс? Мұғалімдік қызметтен басқа салада ешбір маман иесі өзінің күнделікті әрекетін қадамдарға бөліп, жоспарлап, уақыт алып қағазға түсіріп отырмайды. Әдетке айналған қызметі үшін «менің мақсатым мынадай, міндеттерім осындай» деп кірісетін өзге маман иесін көзге елестете аласыз ба? Мысалы, маршруттық автобус, такси жүргізушісі, полиция қызметкері, кәсіпкер, журналист, басшылық қызметтердегі лауазымды тұлғалар, осылардың қайсысы өзінің ойлаған әр жоспарын бірнеше компьютерлік бетке теріп (ескеріңіз, аптасына 18 жоспар), қағазға түсіреді? Көп адамға етене таныс ауыл тіршілігінен мынадай мысал келтіруге рұқсат етіңіз:

Ауылдағы тұрғын мал ұстайды. Қыста мал қораға тоқтаған күннен бастап, оларды таңертең «жайғау» керек. Мал жайғайтын адам: «Мен қораның есігін ашамын да, қолыма айырды алып, шөп босатамын; шөпті әр малға деңгейіне сәйкестеп бөліп беремін де, астын тазартамын, т.б» деген жоспарларын жазбаса, бір тексеруші қораның есігі алдынан шығып: «осындай жазба жоспарың болмаса, қораға нендей мақсатпен кіресің, міндеттерің қайсы?» - деп мал жайғайтын адамды қадағалайтын болса, жұмыстың сиқы кетер еді. Мысалды тым қарабайыр деп қабылдамаңыз, адал еңбекпен атқарылатын болса, жұмыстың бәрі де тең күшті.

Түсінігі бар адам мұғалімнің бір ғана басты мақсаты бар екенін, өз пәні бойынша санаулы міндеттері бар екенін ұғынуы да, мойындауы да керек. Әйтпесе, толған мақсат пен сансыз міндеттер мойнына артылған мұғалім іс жүзінде олардың қайсысын да нашар деңгейде орындауы әбден ықтимал.

Ең бастысы, мұғалімнің уақыты мен энергиясын осындай бағытта қағаз жаздыртуға жұмсауға ешкімнің де моральдық құқы жоқ екенін барша педагог түсінетін уақыт жетті.

Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының басқарма төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.Құсайынов «Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» деп аталатын монографиясында (Алматы, 2013.–196 б.) әлем бойынша білім беру жүйелерінің 5 деңгейі бар екенін көрсетеді. Яғни, білім беру жүйелері «1», «2», «3», «4», «5» деңгейлеріне бөлінеді екен. Дүниежүзінің педагог ғалымдары әр деңгейден келесі жақсырақ деңгейге өтудің шарттарын зерделеп, негізгі амалдар кластерін анықтаған. Мысалы, «1» ден «2»-ге көшу үшін 9 шара, «2» ден «3»-ке көшу үшін 5 шара, «3» тен «4»-ке көшу үшін 7 шара, «4» тен «5»-ке көшу үшін 5 шара, барлығы 26 әсер ету шаралары көрсетілген. Біздің ағымдық жағдайда әр педагог кездесіп жүрген, біздің елімізде де қолға алынған шаралар осы 26 шараның ішінде молынан кездеседі:

«1» ден «2»-ге көшу үшін нұсқалған 9 шараның алғашқысы – мұғалім жұмысын жеңілдетіп, бағыт беру үшін сабақ жоспарлары мен оқу материалдарын әзірлейді.

«2» ден «3»-ге көшу үшін нұсқалған 5 шараның алғашқысы – мектеп қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру үшін есеп берушілікке мән беруді ұсынады. Яғни, әр мұғалімге есеп бергізу арқылы, саналы түрде өз іс-әрекетінің дұрыстығын тексеруге мүмкіндік туғызады.

«3» тен «4»-ге көшу үшін нұсқалған 7 шараның алғашқысы – педагогикалық және басшылық құрамды іріктеуді жолға қою мәселесін көрсетеді. Келесі шаралары коучинг, оқыту бағдарламасын таңдауда мұғалімге еркіндік беру, педагогтердің біліктіліктерін арттыру тәсілдерін ұсынады.

«4» тен «5»-ке көшу үшін нұсқалған 5 шараның алғашқысы – педагогикалық қоғамдастықты енгізуді сипаттаса, келесілері табысты еңбек еткен мұғалімдерге педагогикалық еркіндік беру, инновацияны енгізуге көмек беру тәрізді мәселелерді анықтайды.

26 шараның 4 мысалын келтіру арқылы кез-келген мұғалім басынан өткеріп келе жатқан науқанды қызметтердің бір парасын байқауға болғанымен, жалпы картинасын алу қиын. Бір ескеретін жағдай, біздің елімізде осы 26 шара түгелімен, бір мезетте, жаппай атқарылуды талап етілген формада жүргізілуде. Және де басты қиыншылығы, мұғалімге жеңілдік пен дамуға мүмкіндік беретін тұстарын аттап өтеді де, оларға міндеттер қоятын тұстары күшейтілген қалыпта енуде. Мұның өзін осы талаптарды енгізушілердің әсіре науқаншылдығы мен іс жүзіндегі атқарылуы қажетті шараларды көре алмауларының салдарлары деп бағамдар едім.

Оқулықтың тапшы кезеңінде, біздің елімізде Ұлы Отан соғысынан кейінгі уақыттан бастап мұғалімдер жазуға, дайындауға тиіс болған – сабақ жоспары қаншама өзгерістер мен дамудың болғанына қарамастан, мұғалім мойнынан түспей келеді. Ол кезеңде қажеттілігі болған шараның қазіргі күнде артық жүктеме ғана екенін түсінуімізге не кедергі? А.Құсайынов еңбегінде айқын баяндалған ең нашар деңгейдегі білім беру жүйелеріне қажетті жолға қоюға тиісті 1-шара – сабақ жоспарын дайындау мәселесі болса, біздің білім беру жүйеміз ол нашар деңгейден әлдеқашан өтті.

«Бәрібір көпшілік мұғалімдер осы сабақ жоспарын дайындамайды да» - деген уәж айтады көптеген тексерушілер. Мұғалім оны орындамаған күнде де уақыты үнемделеді деуге болмайды, ол орындауы тиісті бір міндетті жасай алмағаны үшін тексерушінің алдында да, өзінің алдында да «айыпты» адамдай қымсынып, сенімсіздік күйге түседі. Психологиялық тұрғыдан орнықсыздық сезінеді. Осының бәрі оның кәсіби деңгейде дамуына кедергі туғызады. ҚР «Білім туралы» Заңында сабақ жоспары туралы ұғым жоқ. Ол әдістемелік бағыттағы ерікті қызмет түрінде педагогикада ғана айтылады. Дегенмен, қадағалаудың басқа мәнділеу түрін ойлап таба алмайтын тексерушілер үшін осыны мектептің ішкі ережесіне енгізіп, тексерудің ең қуатты құралына айналдыруы – біліксіздіктің бір түрі ғана.

Сондықтан да, мұғалімді сабақ жоспарын жазу міндетінен босату қажет.

 

Құзіреттілік. Технология. Инновация.

Педагогика саласына нақты өмірден алшақ, мектеп өмірінің тыныс-тіршілігінен хабарсыз ғалымсымақтардың көптеп келуі – мұғалімдердің жұмысын ауырлатып барады. Олардың жыл сайын ашатын «жаңалықтарын» енгізу арқылы мектептерде білім сапасы нашарлай түседі. Заңгерлерге орта ғасырлардан бері таныс ұғым – құзіреттілікті (компетенция) білім саласына енгізу арқылы нені жақсарттық? Өндірістегі «технология» ұғымын педагогикаға әкелу арқылы нені жақсарттық? Еліміздің білім саласында ұзақ жылдар өнімді қызмет етіп келе жатқан шын мәніндегі табысты педагогтер әрбір жаңа енгізілген термин мен науқанды шараларға үрке қарайды. Жаңалық енгізушілерді артық жүктеме ойлап тапқандардай қабылдап,  жеккөрінішпен қарайды немесе өзін жаңа заман ағысынан қалып бара жатқандай сезініп, шын мәнінде көңіліне жақпаса да «арбаның алдына жүгіріп», өзгерісті қабылдай алатындай жалған кейіп танытады. Бәрі де орынды реакция. Ойлануымыз қажет.

Инновация туралы кеңірек тоқталғым келеді. Қазақ еліндегі білім беру жүйесіне алғашқы инновация 1870 жылдар шамасында енгізілген деуге болады. Мұсылманша білім алудың «қадимше» түрінен «жадидше» түріне ауысу кезеңі өтті. Жадидше, яғни, жаңаша немесе бүгінгі күндегі инновация. Қырым татары Гаспринский бастаған бұл бағыт бастапқыда елеулі қарсылықтарға ұшырағанымен, 10 жыл ішінде осы стильде оқытатын 5000-нан астам мектеп қарқынды оқуға көшкенде қоғам толық мойындады. Шәкәрім атамыз да «Абайдан кейінгі ұстазым Гаспринский» деп жоғары бағалаған ғалымның енгізген жаңалығы түркі тілдес халықтардың мектептерін шын мәнінде дамытқан теңдесі жоқ жоба болатын. Бұл жобаны енгізушілер халықты жинап, ашық түрде олардың арасынан сауаты жоқ жастарды кездейсоқ әдіспен таңдап алып, 45 күн ішінде өз бағытымен оқытқан. Нәтижесін көрсетуге тағы да халықты жинап, қоғамдық емтихан ұйымдастырған. 45 күн оқыған шәкірттер газетті оқи алады, арифметикалық қарапайым есептерді шығарады, географиялық басты ұғымдарды біледі, ал ескі тәсілмен «шыбықпен дүреленіп» оқып отырған қадимше оқудың шәкірттері 2 жыл оқыса  да, білімдері мардымсыз. Бұлтартпайтын шындық, айқын нәтиже. Сол кезден бастап мұсылманша оқытуда да Ушинский педагогикасын қолдану қажеттігі айтылып, балаларды «ұрып-соғудың» жөнсіздігі сыналған.

Еліміздің тәуелсіздігі жолында аянбай қызмет етіп, мемлекетімізді қалыптастыруға, заңдастыруға негіз салған, білімді, біліктілігін отарлаушы үстем күшке де мойындата білген  Алаш зиялыларының бәрі осы жадидше оқытудан түлеп ұшқандар болатын. Міне, оқытудың күші! Оларға дейін біздің даламызда дәл осындай қарқынмен білімділер легі көбеймеген еді.

Ең бастысы, сол уақытта жаңалықты оқу жүйесіне енгізген аталарымыз халыққа салыстыруды ұсынған. Қазіргі енгізілетін жаңалықтарды енгізу саясаты түсініксіз, болашағы анық емес, әміршілдік бағытта ғана енеді. Салыстыру нәтижесін ешкім де қолмен ұстап көре алмайды. Мысалы, компьютер көмегімен оқытуды ұрандатып енгіздік, білім сапасы артты ма? Бала денсаулығына нұқсан келмейді ме? Белгісіз.

Инновация да, технология да өмірде бар, қоғамды дамытушы күші де бар екендігі анық. Дегенмен, оларды талғаусыз оқытуға енгізе беруге болады ма? Олардың бәрі оқытуға қажетті заман ағымындағы құралдар ғана. Қазір жаңа болса, ертең-ақ ескіге айналады. Сондықтан «жаңа технология» деп ұрандата бергеніміз ерсі.

 

Ғылым. Ғылыми жоба.

Мектеп және ғылым. Осы екі ұғым байланысы қандай деңгейде? Мектепте барша ғылымның іргетасы болып саналатын тіл, математика ғылымдарының бастапқы ұғымдары пән ретінде оқытылады. Баланың санасына лайықталып, шақталып, негізгі қағидаларды меңгертуге жағдай жасалады. Адам баласына ғылымды меңгеру ауадай қажет болса, жаратушы күш ол білімді туа бітетін қасиет етіп бірге жарата салмас па еді? Олай болмай тұр. Сонда жаратушы емес, адамдардың өзара бәсеке, күнкөрісіне қажет екен, ендеше ғылымды игеруді адамның мүмкіндігіне шақтап міндеттегеніміз жөн болады.

Мен 11 жылдық мектепті тек «5» пен оқығанмын. 10 және 11 сыныпта екі жыл қатарынан облыстық олимпиададан математика пәнінен алда болдым. Университетті де «математика және информатика» мамандығына 4 жыл бойына үздік оқып, ең жоғары үлгерімді студент болдым. Университетті бітіргеннен соң, жұмыста жүргенімде көптеген мектеп, гимназия, лицей мұғалімдері оқушыларына ғылыми жұмыс, ғылыми жоба дайындауға көмектесуімді өтінетін. Сол күнде ойланатынмын, менің өз басым қанша жақсы оқысам да, әлі күнге ғылым дегенді көрмедім. Ғылыммен айналысу деген артық айтылған әңгімедей еді. Ғылым тұрмақ, ғылыммен айналысуға қажетті ең басты ойлау формаларын оқушыда қалыптастыратын, қабілетін дамытатын қарапайым пәндегі материалмен жаңа ғана таныса бастаған оқушының ғылыми жұмыс, ғылыми жоба дайындауы мүмкін емес жағдай екенін түсінуге болар ма еді?

Ғылыммен айналысу, ғылыми жоба дайындау дегеніміз жоғарғы оқу орны – институт немесе университет, тіпті, магистратура мен докторантура үлесінде ғана болғаны жақсы емес пе? Әйтпесе, оқушы үшін «құшағы жетпейтінді құшақтағандай» жалғандыққа апарар өнімсіз іс болып қалады-ау.

 

Пікірлер  

 
0 #65 Тлегенова Гульжанат 2015-10-18 18:23 мен бұл мақаламен "Орал өңірі" газеті арқылы таныспын. Сол кезде де мектепте үлкен талдау тудырған болатын. Бүгін барлық пікірлерді оқып шықтым. Автордың ойында жоспардан "қашып құтылуда" емес, қайтсем нәтижелі сабаққа қол жеткізем деген терең толғаныста екенін байқамау мүмкін емес. Жоспарды жазудан арылу керектігі дұрыс-ақ, тек оның нақты жолдарын өзім де тапқан емеспін. Сабақ нәтижелі болуы үшін дайындық жоғары болуы керек пе?-деген ой да келеді. "45жыл мұғалім болсаң да, 45минуттық сабағыңа дайын бол" дегенді де ұмытпағанымыз жөн, сабақ жоспары қағазда болмағанмен барібір болуы керек. Мүмкін әр пән мұғалімдері бірігіп "мінсіз сабақ" жоспарларының жинақтарын жасап көрерміз, кейін өзіміз де өзгелер де пайдалана алатындай. Дәйексөз жазу
 
 
0 #64 Нұржан Есентайұлы 2015-06-10 18:41 Елдос Набиоллаұлы, мақалаңызды оқып, өз басым бір жеңілдеп қалдым. Сізбен толықтай келісемін. Қағаз бастылықтан құтыламыз дегенімізге неше жыл болды, еш өзгеріссіз. Мектепте шынымен іс-әрекеттің барлығы бұйрық райға көшіп кеткен. Мысалы, қарапайым мұғалім өзінің оқушыларына сабақ берумен қатар, өзінен жоғары әдістеме бірлестік жетекшісене қаншама қағаз тапсырады, ал бірлестік жетекшісі мектептің директорының орынбасарларына сол қағаздарды жүз өзгертіп тапсырса, ал мектептен аудандық білім бөлімі сол қағазды мың есе өзгертіп қайта-қайта сұрай береді. Олардың жоғарында тағы бар, сұрайтындар. Ал тексеріске келетін болса, тексерушілер тек қателіктерді айтып-айтып кетеді, неге сол тексерушілер әдістемелік көмек көрсетпеске. Ал мектеп мұғалімдері "тексеріс келеді" десе, сол баяғы қағаздарын толтыруға кіріседі. Осылардың барлығынан мұғалімнің қаншама бос уақыттарын алып жатыр. Ойымда жүрген тағы бір мәселе, мұғалімдерге айына бір рет немесе аптасына бір рет "шығармашылық күн" болып тағайындауға болмайма екен… Дәйексөз жазу
 
 
0 #63 Елдос Сафуллин 2015-05-05 11:12 Тулегенова Данагуль, Тлеккабулова Багдат, Инкар Карасаева, Рита Мурзагалиева, Нургалиева Айнур, Бактыгалиева Аймекен, Гүлзихан Умбетовна, Бақыт Каленова сынды әріптестеріме автор ретінде шексіз разылығымды білдіремін. Сіздер тәрізді позитивті ойлауға бейім, еңбекқор, шыншыл ұстаздар қоғамымыздың тірегі. Пікірлеріміздің дұрыстығын, әділдігін сөзбен және іспен көрсетуіміз үшін үнемі жігерлі болайық, сонда сапалы оқыту ісі жолға қойылатын күн де болады. Дәйексөз жазу
 
 
0 #62 Гүлзихан Умбетовна 2015-05-04 22:36 Аты айтып тұрғандай, мақалаңыз кәсіби ойлауға жетелейді.
Көзі қарақты ұстаз мақала астарындағы сыни көзқарасты аңғармауы мүмкін емес. "Сын шын болғанда ғана өткір" деген.
Екіншіден, мақала астарынан инновация философиясын әлі де зерделеу керектігін байқаймыз. Бұл- жігерлі де дұрыс ұстаным.
Сіздің әр қадамыңызға зор өрлеу тілеймін!
Дәйексөз жазу
 
 
0 #61 Бактыгалиева Аймекен 2015-05-04 15:48 Мақалаңызда мектептегі шынайы мәселелер қозғалған.Мұғалім қағазбен емес, оқушымен жұмыстану керек.Жалпы ұйымдастырылған конференциядан көптеген мәліметтер алдым. Конф сәтті өтті. Жаңаша оқытудың әдіс-тәсілдері жан-жақты қарастырылды. Сіздің шығармашылық еңбегіңізге сәттілік тілеймін. Дәйексөз жазу
 
 
0 #60 Нургалиева Айнур 2015-05-04 15:43 Мақалаңызбен таныстым.Бұл айтылғандарыңыз дың барлығы орынды және мұғалімдердің қағазбасты болып кеткені де өтірік емес.Сонда балаға қай уақытта дұрыс білім береміз.Мақалаңыздағы пікір әр мұғалімнің көкейінде жүрген оймен тұспа-тұс келді десем қателеспеймін.Сізге сәттілік тілеймін. Дәйексөз жазу
 
 
0 #59 Рита Мурзагалиева 2015-05-04 13:26 Құрметті Елдос Сафуллин!
Сіздің баяндамаңыз ұнады, келтірген мысалдарыңыз да орынды. Мұғалім қағазбастылыққа салынбай, оқушыға көп уақытын бөліп, көп ізденіспен, жаңа технологияларды пайдалана отырып сабақ беруі керек деп ойлаймын. Осы өткен конференциядан өзіме көп ақпарат алдым. Сізге шығармашылық табыс тілеймін!
Дәйексөз жазу Рита Мурзагалиева:
Құрметті Елдос Сафуллин!
Сіздің баяндамаңыз ұнады, келтірген мысалдарыңыз да орынды. Мұғалім қағазбастылыққа салынбай, оқушыға көп уақытын бөліп, көп ізденіспен, жаңа технологияларды пайдалана отырып сабақ беруі керек деп ойлаймын. Осы өткен конференциядан өзімае көп ақпарат алдым. Сізге шығармашылық табыс тілеймін!
Дәйексөз жазу
 
 
0 #58 Рита Мурзагалиева 2015-05-04 13:24 Құрметті Елдос Сафуллин!
Сіздің баяндамаңыз ұнады, келтірген мысалдарыңыз да орынды. Мұғалім қағазбастылыққа салынбай, оқушыға көп уақытын бөліп, көп ізденіспен, жаңа технологияларды пайдалана отырып сабақ беруі керек деп ойлаймын. Осы өткен конференциядан өзімае көп ақпарат алдым. Сізге шығармашылық табыс тілеймін!
Дәйексөз жазу
 
 
0 #57 Инкар Карасаева 2015-05-04 13:18 Елдос Набиоллаұлы, сіздің мақалаңызда жазылған ойлар әр ұстаздаң көкейінде жүрген проблема деп айтуға болады, ойыңыз ұнады.Сізге шығармашылық табыс тілеймін. Дәйексөз жазу
 
 
0 #56 Елдос Сафуллин 2015-05-04 13:14 Альсейтов Амангелді Ғұмарұлы!
Мақаламен танысып, пікір жазыпсыз. Тым көп жазыпсыз. Жеке мәселелерге қатысты жазғандарыңызды ң мына мақалаға қатысы болмас, болған күнде де, бұл сайт институттың ресми сайты. Ресми сайтта жеке бас мәселелерін қозғау орынсыз болады. Енді педагогикалық қызметтеріме байланысты пікірлеріңізге талдау жасайын:
1) Бұл мақалада менің бейнероликтерім туралы жазылмаған. Неге бейнероликтер туралы жаздыңыз? Түсініксіз?
2) "Сабақ жоспары болмауы керек" деген пікір жазылмаған. Жоспар жазу ерікті, шығармашылықты бағытта болуы тиіс. Барша қызмет түрінде жоспар болуы тиіс, бірақ мұғалімдерден өзге мамандық иелерінде жоспарларын қадам сайын қағазға жаздыртып, тексеріп отыратын құбылыс байқалмайды.
3) Мұғалімдерді "жазуы керек", "орындауы керек" және т.б. "керек, керек, …" деп міндеттейтін әкімшіл-әміршіл бағыттарды өзгертетін уақыт келе жатыр. Сол мамандық иелерінің өздері не айтады? Оларға жоғарыдағыдай талаптар ұнайды ма? Мақалада оқырмандар арқылы барша қоғамды осы тәрізді сұрақтарды жан-жақты ойлап қарастыруға бағыттау көзделді.
4) Мен қандай өзгерісті болмасын, шұғыл енгізуге қарсымын. Бұл бағыттағы ойлар асықпай талданып, жоғарыға тиімді ұсыныстар дайындауға әкелетін болады.
5) Мектепте штатты жұмыс атқардым ба, жоқ па? Бұл сұрағыңызды орынсыз қойылған сұрақ деп есептеймін. Демократиялық қоғамда кез-келген салаға қатысты әр адамның өз ойларын білдіру мүмкіндігі бар.
Сұрақ иесі, жеке сұрақтарыңызды тікелей келіп маған қойыңыз. Мені қайдан табуға болатынын жақсы білесіз. Интернет беті таза, ізгі ойларға толғанын қалаймын. Сіз бен біз қоғам алдында «шоу» жасамай-ақ қоялық.
Дәйексөз жазу
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту